среда, 6 января 2010 г.

Кездестік қоштасқалы...


Көлдей тұнық көзіңмен қызықтырдың,
Жүрді сонда жазықсыз жүзіп бір мұң.
...Қоштасар сәт келгенде қимай мені,
Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.

Жүрекке жұп бола алмай сендегі адал,
Таусылды тағат, төзім, мендегі амал.
Жасыңды жел кептіріп қоңыр кеште,
Қоңыр күз қолыңа әкеп берді орамал.

Таза едің таңғы шықтай, пәк мінезің,
Әп – сәтте кермек татып тәтті кезің...
Сенен емес, жаным-ау, сенен емес,
Сезімімнен салқындық таптым өзім.

Ұмыттым. Бәрі, бәрі ұмытылды,
Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.
Қураған жапырақтай жалған сезім,
Алсам да алақанға... үгітілді.

Кездестік қоштасқалы... Күз. Кешкілік,
Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп...
...Шақырып кездесуге сонда сені,
Кеттім – ау, жалғыздықпен жүздестіріп.

вторник, 5 января 2010 г.

Тамшы- тағдыр



Алматы. Жып-жылы жаңбыры
Жанына ол қыздың ұнайтын.
Ал, оның тағдыры, жан-мұны
Жарысып жаңбырмен жылайтын.

Ақ нөсер астында тұратын,
Оларда ұқсастық бар шығар...
Бір-бірін тек үнсіз ұғатын -
Тамшыға қосылып тамшылар.

Қарайтын тамшының көзіне
Себебі, тым жақсы көретін.
Мөп-мөлдір моншаққа өзі де
Айналып кеткісі келетін..

понедельник, 4 января 2010 г.

Ақ ұлпа қар



Ақ ұлпа қар қылаулап,
Жауады жанды баурап.
Алаңсыз асыр салып,
Келеді - ау алғым аунап.

Ақ ұлпа қар көбелек,
Жауғаны сән керемет!
Жер бетін жатыр міне,
Ақ қанат әнге бөлеп.

Ақ ұлпа қарлар менің
Балалық бал дәуренім.
Қарға ұқсап кетер едім,
Жетсе егер әл - дәрменім.

Ақ ұлпа қар құсым ед,
Жерге оның қонғысы жоқ.
...Мен іштей түсінемін,
Қара жер - қарғысы көп.

Ақ ұлпа қар - ғажайып,
Амалсыз, (қалды азайып).
Қонады қара жерге,
Қанатын зорға жайып.
Ақ ұлпа қар!...

воскресенье, 3 января 2010 г.

Қызым Інжуге

Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Дархан дала өмірдің бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегің.

Қызым менің,
Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.
Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,
Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

Қызым менің,
Бой жетерсің боялып қызылға ерін.
Бұл әкеңнің тілегі - анаңдай бол,
Анаң сенің атанған түзу келін.