воскресенье, 7 марта 2010 г.

Анашым


Асыл ана !
Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің сен еңселі.
Мен білсем саған деген сағыныштың,
Осынау, жұмыр жерде жоқ өлшемі.


Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды – ау, біздің жаққа құстың бәрі.


Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.


Дүние шыр айналып шарайнадай,
Қала бердің жолыма қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға .
Мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана – ай?!


Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Анашым ! арнамасам саған өлең,
Адыра қалсын мынау, ақындығым.

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда.

...Сені сағынып кетем, АНАШЫМ !

Ақмола. 1995 жыл.











Жұлдыз-ғұмыр


Тиді ме түннің түрлі залалы,
Ай – қыздың неге мұңлы жанары?
Ойшыл аспанның омырауынан
Үзіліп үнсіз жұлдыз ағады.

Ұйқысыз жалғап түнді ұзақ таңға,
(Жұлдыз деп айтып жүрміз оттарға).
Қуанып қалам, қараңғылықтың
Құрсағын жарып жұлдыз аққанда.

Қарашығыма қайғым тұнады,
Қамыққан күйім қай күн тынады?...
...Күннің нұрымен төгіліп түскен,
Әппақ арманым Айға ұмтылады.

Ал анау жұлдыз сөніп барады,
Ол енді кімге серік болады ?
Сөнгенің көріп, мендегі жүрек,
Көңілсіздіктен көрік табады.

Тағдырды тылсым танып көктегі,
Тұр екен олар дәріптеп нені?...
...Жұлдыздың, бірақ, сөніп қалғанша,
Жақсы ғой, жаным, ағып кеткені.