понедельник, 21 декабря 2009 г.

Күзгі көрініс


Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, әппақ?
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап...
Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл - жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...

Менің мұңым


Тұншықтырып тірлігімді тынымсыз,
Тас төбемнен төнді тағы Түн үнсіз.
Маған қарап мұңаяды мың жұлдыз,
Жетімсіреп менің мөлдір - мұңымсыз.

Менің мұңым, менің мұңым – мөлдір мұң,
(Мұңсыз өмір сүре алмаймын мен бір күн).
Түнгі аспаннан тұнық іздеп көз алмай,
Қарап жатып қанша жұлдыз сөндірдім.

Бүгін тағы құрбан болып бар үміт,
Санадан тыс құдіретке бағынып.
Мың жұлдыздың арасынан бір жұлдыз,
Ағып түсті. Жалғыздықтан жалығып.

Олар, сірә, ғашық менің мұңыма,
Мен де олардың құмар едім сырына.
Мұңсыз – мінсіз ғұмыр кешу, құдай – ау,
Қасірет қой жердің Ақын ұлына.

Әппақ Айдың бір сәулесі тисе артық,
Кетер, шіркін, көңілімде күй шалқып. ...
Өзгеше бір өлең жазып отырам,
Мың жұлдыздан мұңдарымның иісі аңқып.

Менің мұңым сәуле төгіп Күнге ұқсап,
Мұңлы шаққа сыйлайды бір нұрлы сәт.
Түнгі ызғардан тоңып тұрған томсарып,
Жұлдыздардан гүл жасайды бір құшақ.

Аспанымда - тұнып тұрған күміс шық,
Аспан асты – сыр ұқтырған тыныштық...
...Өзім сүйіп, өзім күйіп жататын,
Менің мұңым – ЫП – ЫСТЫҚ.

Мүмкін емес


Оңашада жанарыңнан тамшы үздің,
Жұбатпаймын. Бәлкім мен де әлсізбін...
Алып - ұшқан сағыныштан кешегі,
Арылғанмын. Ол өйткені - арсыз мұң.

Жердің бетін тіміскілеп кезер Түн,
Жұлдыздардай жан сырымды сезер кім?
Сен емессің, сен емессің аңсарым,
Өз өртіңе өзің жансаң - өз еркің.

Саябырсып самал соқты керімсал,
Сезгендей боп сезімімді менің сәл.
Жарым түнде жалғызсырап отырмын,
Сен бар болсаң, көзіме бір көрінші, ал!

Мүмкін емес, мүмкін емес... Мүмкін бе?
Жалған бәрі - көңілім де, күлкің де.
Сырға толы кешегі өткен күндерің,
Сығымдасаң сыйып кетер бір түнге.

Бәрі бізге белгілі еді. Белгілі...
Менен гөрі жақсы білдің сен мұны.
Күйдім, сүйдім деп жылайтын жар салып,
Кімге керек қу жүректің ерлігі?...