понедельник, 21 декабря 2009 г.

Мүмкін емес


Оңашада жанарыңнан тамшы үздің,
Жұбатпаймын. Бәлкім мен де әлсізбін...
Алып - ұшқан сағыныштан кешегі,
Арылғанмын. Ол өйткені - арсыз мұң.

Жердің бетін тіміскілеп кезер Түн,
Жұлдыздардай жан сырымды сезер кім?
Сен емессің, сен емессің аңсарым,
Өз өртіңе өзің жансаң - өз еркің.

Саябырсып самал соқты керімсал,
Сезгендей боп сезімімді менің сәл.
Жарым түнде жалғызсырап отырмын,
Сен бар болсаң, көзіме бір көрінші, ал!

Мүмкін емес, мүмкін емес... Мүмкін бе?
Жалған бәрі - көңілім де, күлкің де.
Сырға толы кешегі өткен күндерің,
Сығымдасаң сыйып кетер бір түнге.

Бәрі бізге белгілі еді. Белгілі...
Менен гөрі жақсы білдің сен мұны.
Күйдім, сүйдім деп жылайтын жар салып,
Кімге керек қу жүректің ерлігі?...

2 комментария:

  1. Бүгін тағы құрбан болып бар үміт,
    Санадан тыс құдіретке бағынып.
    Мың жұлдыздың арасынан бір жұлдыз,
    Ағып түсті. Жалғыздықтан жалығып.


    Маған таныс жайт...

    ОтветитьУдалить
  2. Кімге керек қу жүректің ерлігі?...

    Жүрек байғұс қайтсін...оның қолынан келетіні- тек сүю ғана ғой...

    ОтветитьУдалить