воскресенье, 7 марта 2010 г.

Жұлдыз-ғұмыр


Тиді ме түннің түрлі залалы,
Ай – қыздың неге мұңлы жанары?
Ойшыл аспанның омырауынан
Үзіліп үнсіз жұлдыз ағады.

Ұйқысыз жалғап түнді ұзақ таңға,
(Жұлдыз деп айтып жүрміз оттарға).
Қуанып қалам, қараңғылықтың
Құрсағын жарып жұлдыз аққанда.

Қарашығыма қайғым тұнады,
Қамыққан күйім қай күн тынады?...
...Күннің нұрымен төгіліп түскен,
Әппақ арманым Айға ұмтылады.

Ал анау жұлдыз сөніп барады,
Ол енді кімге серік болады ?
Сөнгенің көріп, мендегі жүрек,
Көңілсіздіктен көрік табады.

Тағдырды тылсым танып көктегі,
Тұр екен олар дәріптеп нені?...
...Жұлдыздың, бірақ, сөніп қалғанша,
Жақсы ғой, жаным, ағып кеткені.